Қанша еркін ұстаса да, еркінсіп кеткенім жоқ. Кішкентайымнан үй шаруашылығына қолқабысымды тигіздім. Есіктің алдында кішігірім шаруашылық ірілі-ұсақты мал болды. Жылдың қай мезгілі болсын, сол малдың бар ауыртпашылығы атамның мойнында еді. Шөп шабу, қысқа дайындық... Атам марқұмның еңбектен қол үзгенін көрген емеспін. Кешкісін үйге шаршап кіргенде, қабақ шытып, біреуімізге ұрсып көрген жан емес. Кешкі аста бәріміз жиналып отыратынбыз, туған-туыс, көршілер жиі кіретін. Атам марқұм көп сөйлемейтін, көздері күлімдеп, апам ұсынған шәйді маңдайы шып-шып терлеп ішіп отыратын... Өздері жастық шақтарында көп қиыншылық көргендіктен бе екен: «Бала-шағаның нәсібі» – деп көп айтушы еді. «Жеті баланы жерге беріп, жылап жүріп көрген шырақтарым» – дей беретін. Ол кісілердің кезінде егу деген болмағандықтан, екі жасқа келгенде балалары шешектен өле береді екен. Менің әкем де атамның баласы жоқ ағасының қолында өсіпті. Оны да: «Менікі емес, Құдайдыкі, одан кейін Жәкемдікі», – дейтін әкемді апам. Балам деп айтуға аузы бармайтын. «Біреу естіп қойса, ұят-ты! Жәкемнің аруағы риза болсын», – дейтін. Біз он немереміз, мен ең үлкенімін. Ауыл жанында егіндік күрішке кететін үлкен канал болатын, соған қой тоғытамыз, өзіміз шомыламыз. Атам шөп шабады, мен оны баулаймын. Жұмыспен айналысып, атам мен апама көмектескенім мені үлкен қуанышқа бөлейтін. Атам марқұм: «Жұмыс сені іздемесін, жұмысты сен ізде, жолыңда көлденең жатқан бір нәрсені орнына алып қоя сал, сенен кейінгі сүрініп жығылмайды», – деп айыр, күрек, сыпыртқы, қайлаларды орын-орнында ұстауды үйрететін. Мектептен асығып келіп, қозы-лақтармен ойнап, оларды күту мен үшін үйреншікті іске айналды. Қозы-лақтардың құлағына неше түрлі жіптен шашақ тағатынмын, олар секіріп ойнағанда, шашақтары сондай керемет көрінетін. «Шашақ тақсаң тақ, бірақ инемен өткізген жердің жібін жіңішке жаса, бұтаға ілігіп, құлағын жырып жібереді» – деп айтып отыратын. Күз келе қозы-лақтарды енелерінен бөліп жаямыз. «Бұларды бөлек жаймасаң енелерін түртпектеп, ет алдырмайды», – дейді атам. Ертелі-кеш бірер күн болектегеннен кейін қозы-лақтар оп-оңай ырқыңа көне бастайды. Осы уақытты пайдаланып, күзгі қырықтық басталады. Ауыл балаларының әңгімесі «бір күнде қанша мал қырыққандары» жайлы болады. Бір-бірімізден асып түсуді көздеп жүріп, қол қырықтықпен қой қырқуға машықтанып та аламыз. Одан кейін күйек науқаны басталады ... Қанша пысық болсам да, өз ойымды анық жеткізе алмайтын жасық болдым. Алмасып кезекпен келетін ауыл өмірін, қызықты сәттерді артқа тастап, мен де 1977 жылы 10 жылдық орта мектепті бітіріп, көпшілікпен бірге арман қуып, Алматыға келдім. Басында Саяхат автовокзалының арғы жағында пәтер жалдап, ауылдас қыздармен тұрып жаттым. Бір ауыз орысша білмейтін ауылдың қарапайым қызы үшін Алматыны орыс жайлап кеткендей көрінетін. Қазақ деп қасына барып, бір нәрсенің жөнін сұрайын десең, орысша былдырлаған жастарды көріп, орысша білмейтінім жанымды жегідей жейтін. Кейде адасып кетем, бір барған жеріме жүз барып жүріп, әйтеуір пәтерімді тауып аламын. Мен де жанұялы болдым. Мәселенің көкесі жаняұлы болған кезден басталды. Өз басыма үй болып, ел қатарлы жанұя болсам екен деген ниетім орындалмады. Не жеке пәтеріміз, не күйеуімнің тұрақты жұмысы жоқ. Осыған кінәлі – Алматыдағы тұрақты тіркеу. Ол кезде үйленген адамдар жатақханадан тіркеуден шығарылып тасталады. Әр жерде жұмыс істеген күйеуімнің де табысы мардымды емес. Жаңа үй алып, көшіп-қонған адамдардың жүгін тасып, тауып келген азын-аулақ ақшасы мен үлкен қызым Индираның жөргек пұлы күн көрісімізге жетпейді. Түнделетіп таныстарға көйлек тігем. Алматыда тұратын біз ғана болғандықтан, туыстарымыз біздің үйге келеді. Оларға келмеңдер деп айтуды намыс көрем. Күйеуім ішімдікке салынды. Қазір оны шарасыздықтан істеген деп те ойлаймын. Мықты болып тұру әркімнің басына жазылмаса керек. «Қонақтарың көп екен» – деп пәтер иелері қалған пәтерақыны қолымызға ұстатып, пәтерді босатуды өтінетін. Осылай 3,5 жылда 12 пәтер ауыстырдық. Басымнан сөз асырмайтын ашуланшақ, кінәмшіл, өзімнен басқа адамдар тура жолмен жүрмейді деген теріс пікір болып, неге сендер сондай соқырсындар деп үйге келген адамдарды қуалайтын халге жеттім. Құдай жарылқап, бір бөлмелі үй де берілді. Ол кезде біз Алматы Үй құрылысы комбинатында құрылысшы болып істейтінбіз. Сол жерде 10 жыл тұрып, үшінші нәрестелі болғанда, қазіргі тұрып жатқан 4 бөлмелі пәтерді жұмыс орнымыздан берді. «Еттің көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, менің мінезім тіпті жаман болып кетті. Сырт көзбен қарасам бәрі бар, бірақ менде тыныштық жоқ. Таңның атысы, күннің батысы еңбек етіп, келген-кеткен адамдардың артынан ыдыс-аяқтарын жуамын. Жаныма тыныштық тапқым келгенімен, ұйқым қашып, байлаулы иттей өзімді-өзім жек көріп: «Дұрыс жүрген менен неге үлгі алмайды, өздері неге еңбек етіп, қызығын көріп, неге үйлерінде жатпайды? Бірінен кейін бірі келетін осынша туысқан маған не беріп қойып еді?» – деп өзімнің де, елдің де жүйкесін тоздырыппын. Күндердің күнінде өз үйімнен өзім қашып, бет алған жағыма кете бардым. Бұл – 1993 жылдың көктемі еді. Өмірімнің еш мәні жоқ. Адамдардың бәрі қатыгез, мейірімді білмейтін өзімшіл, адамдарға істеген соншама жақсылығыма ешкім жақсылықпен жауап бермеді, «неліктен?» «неге?» деген сұрақтар толып жатқан. Осындай ойлармен арпалысып келе жатқанымда, жол-жөнекей маған екі қыз кездесті... Әңгімелері жарасып, бір-бірімен күле сөйлесіп келеді. Жүздерінен жарық нұр төгіліп тұрғандай. Жандарына жақындап бардым. Олар да маған қарап қалды. Содан кейін екеуі бірдей қолын созып: «Құдай сізді сүйеді», – деді. Қ А Л А Й? Құдіреті күшті Құдай «осындай өз ісінен береке таппаған ақымақ адамды қалай сүйеді?» – деп ойладым . Олар маған: «Жексенбі күні Құдай адамдаға сүйіспеншілігін көрсетіп, жарылқайтыны туралы айтатын жерге келіңіз», – деп мекен-жайы көрсетілген бір қағазды ұсынды. 2-3 апта бойына ол жерге баруға батылым жетпей жүрді. Ақыры аяғым еркімнен тыс жетектеп, сол Құдай адамдарға сүйіспеншілігін көрсететін жерге алып келді... Мен Құдайды таптым, таныстым. Сол күннен бастап өмірім күрт өзгерді. Төрт қызымнан бес немерем бар. Жеке кәсіпкерлікпен айналысамын. Күйеуім жұмысын ынтамен атқарып, үйге қуана келеді. Осының бәріне көмектескен Құдайыма шексіз ризамын. Жаза берсем Құдайға деген алғысым қағаз бетіне симай кетер еді.